Уәлбай Өмірбаев: Біздің елге ғылыммен қаруланған күш-қуат керек

118 рет қаралған

Уәлбай ӨМІРБАЕВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

Өмірдерек:
Уәлбай Үтмаханбетұлы Өмірбаев Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының, Америкалық математикалық қоғамының «Мур» сыйлығының иегері. Қазір Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

– Уәлбай Үтмаханбетұлы, математика ілімінен алыстау Нагата есебі дегенді қарапайым жұрт сіз арқылы естіді. Жапон ғалымы Нагата құрастырған осы әйгілі есептің шешуін әлем математиктері 30 жыл іздепті. Бұл есеп

0602

пен таныстығыңыз қашан басталып еді?

– Нагата есебімен таныстығым 1989 жылдан басталды. Ол аффиндік геометрия саласына жатады. Ал оған қатысты нақты қызығушылық, қозғалыс 1999 жылы пайда болды. Негізі, оған дейін де ойлап жүретінмін. Бірақ Нагата есебін орнынан қозғалта алмадым, ал 1999 жылы есепті шешуге байланысты ілгерілеушілік пайда болды. Былайша айтқанда, бір қадам табысқа жеттім. Содан есептің түйініне дендей бойлап, екі жылдың ішінде, яғни 2001 жылы толық шешіп шықтым.

– Осы есептің мәнін халыққа қарапайым тілмен жеткізіп, түсіндіруге бола ма?

– Енді оны бір сұхбатта айтып түсіндіру қиын болар. Менің оның дәл формуласын жазып, жариялаған кездерім болды. Егер дәл формуласын жазсаң – оңай. Математикадан хабары бар адамдар мәнін түсінуі мүмкін. Ал, негізінде, есептің берілуін 9-10-сынып оқушыларына түсіндіруге болады. Ол сондай қиын емес.

Әсілінде, қандай да бір күрделі проблемалардың формалануы қиын емес, қарапайым болып келеді. Бірақ соның шешімін табу қиын. Математика саласының қай-қайсысында да құлпының кілті секілді күрделі проблемалар бар. Олардың қайсысының болсын кілтін, яғни шешімін табу тұтастай математика саласының дамуына зор ықпалын тигізеді. Нагата есебі де математиканың сондай бір саласына қатысты.

– Дүниенің есепке жүйрік жұрты көз тіккен жұмбақты шешу бір басқа, оны сол әлемнің математиктеріне мойындату бір басқа. Бір газет Нагата есебінің шешімін әлемге мойындату үшін сіздің біраз тер төккеніңізді жазып еді. Есепті шешуден гөрі оны мойындату қиын болғаны ма?

– Жоқ, бұл орайда сондай бір қиындық жоқ. Әлемдік деңгейдегі күрделі мәселе болғандықтан, реті, тәртібі солай. Есептің шешімі қаншалық дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіліп, тексерілуі тиіс. Мысалға, журналға жариялауға тапсырасың. Ол жарияламас бұрын мықты деген үш рецензент-математиктің сүзгісіне салады. Осы үш адам да «дұрыс екен, мақұл» демейінше, әлгі журнал оны баспайды. Рейтингтік журналдардың күші де осында. Менің үш рецензентімнің бірі әрі ең бастысы – Леонид Макар-Лиманов деген ғалым. Бәрі соның сөзін күтті. Ол «дұрыс» дегесін барып қана жариялады. Сонда 2001 жылы шешкен есебім 2004 жылы әлемдегі ең беделді ұйым – Америкалық математикалық қоғамның журналына басылды.

– Ал енді осы математикаға деген қызығушылығыңыз қай сыныптан басталған еді?

– Менің әкем математик. Кезінде ауылдың мықты математигі болды. Сондықтан біздің үйдегілердің бәрі де математикаға жақын еді. Ал менің есеп шығарумен шындап айналысуым 3-сыныптан басталды. Онда да біздің сыныпқа басқа жақтан ауысып келген бір оқушы себепкер болды. Әлгі бала өзі бізден өзгешелеу екен. Есепті де жақсы шығарады. Соған қызығып, біз де жарысып есеп шығаратын болдық. Әйтеуір, қалыспауға тырыстық. Осылай жарысып жүріп, математиканы бұрынғыдан күрделірек түсіне бастадық. Одан кейінгі жерде мен үшін «Математиканы түсінесің бе, түсінбейсің бе?» деген сұрақ туған емес. Математикада әрқашан қатарымның алдында жүрдім.

– Математикадағы алғашқы жетістіктерге қашан жеттіңіз? Мектепте жарыстарға қатыстыңыз ба?

– Мектепте бәлендей жарыстарға қатыстым деп айта алмаймын. Бірақ 6-сыныптан бастап Алматыдағы физика-математика мектебіне түстім. Ал ол жердегі білімнің қанша дегенмен сапасы жоғары – күрделі бағдарлама, күрделі есептер шығарылады. Сонда жүріп математикалық жарыстарға да қатыстық. Жоғары оқу орнына түсуге де жақсылап дайындалдық. Новосибирскідегі университетке түсіп кетуім де сол мектептің арқасы.

– Көптеген халықаралық конференцияларға қатысып, шетелдерде болып жүрсіз. Қазақстандағы математика ілімінің дамуын қалай бағалар едіңіз? Сіздің табысыңыздан бөлек ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар ма?

– Өзім сабақ беретін оқу орнына қатысты айтсам, Еуразия ұлттық университеті таяуда Times-OS World University Ranking деген ұйымның рейтингінде әлемнің 17 мыңнан аса жоғары оқу орындарының ішінде 531-орынды иеленіпті. Бұл – өте жақсы жетістік.

Ал математикаға келсек, елімізде мықты математиктер көп. Атақты математик Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз қалыптастырған жақсы мектеп бар. Р.Ойнаров, Н.Темірғалиев, Е.Нұрсұлтанов, Т.Оспанов, С.Боқаев деген мықты профессорлар арамызда. Еуразия ұлттық университеті сондай-ақ математикаға арналған жақсы журнал да шығарып жатыр. Таза ағылшын тіліндегі алғашқы саны таяуда жарық көрді. Көптеген шетелдік мамандардың жұмыстары осы журналда жарияланған. Бұл да университеттің математика саласында айтарлықтай беделге ие екендігін аңғартса керек. Олардың сыртында бәріңіз жақсы білетін Т.Кәлменов, А.Жұмаділдаев, Н.Дайырбеков, С.Бадаев сынды азаматтар бар. Бұлар да – есімдері шетке танылып жүрген ірі математиктер.

– Иә, бұл азаматтардың бәрі сіздердің қатарларыңыз, яғни аға буын өкілдері ғой. Жастардан ше?

– Бұл жағы енді проблема. Қазіргі математикадағы ғалымдардың ең жасы біздерміз. Жастар математика жағына барып жатқан жоқ. Бармайтын себебі – бізде ғылымдағы еңбек дұрыс бағаланбайды. Математика саласында ғана емес, жалпы ғылымда солай болып тұр. Осы мәселеде жүйелі өзгеріс жасалмайынша, жастардың ғылымға мойын бұра қоятын түрі жоқ. Ал математиканың наны оңай табылмайды. Жеңіл сала емес. Жатпай-тұрмай еңбектенетін сала. Біреу бір оңай есептің шешімін тапса, сен одан гөрі күрделі есепті шығаруға тиіссің. Онсыз ілгері жүрмейсің. Мұнда «жауырды жаба тоқып жіберу», «бармақ басты, көз қысты» қылу немесе жалпақшешейлік таныту мүлде жүрмейді. Өйткені есебіңнің шешіміне өтірік араласса, қате кетсе, ол бәрібір жария болады. Өндірісте әшкереленеді.

Ал енді мемлекеттік көзқарас тұрғысынан қарап, елді, мемлекетті күшейтеміз десек, осы техникалық ғылымдарды күшейту керек. Онсыз мемлекетіміз мемлекет бола алмайды.

Мысалға, Иранды алайық. Президенті қанша жылдан бері атом бомбасын жасаймын деп, әлемді шулатып жатыр. Бұл іс жүзінде шулайтын да дүние емес. Егер алдымен үндемей ғана ғылымыңды – физика, химия, математикаңды өркендетсең, өндірісің дамып тұрса, жұртты шулатпай-ақ, жарты жылдың ішінде атом бомбасын жасап аласың. Қазіргі ғылымға ол түк емес.

Шын мәнісінде, физика-математика деген – мемлекеттің күші. Онсыз мемлекет мықты бола алмайды. Мемлекетте мұнайдың, бизнестің арқасында жеке адамдардың байығаны түк емес. Құдай сақтасын, әрине, ертең бір ел бір мемлекетке күш қолдана қалса, ол байлықтың бәрі құрдымға кетіп, талан-таражға түседі. Сондықтан мемлекет күшті болуы үшін ғылымға арқа сүйеуі тиіс.

– Түсінікті, бірақ бізде бәрі ғылымды көтеру керек, мәртебесін күшейту керек дегенді ғана айта береді. Нақты ұсыныс жоқ. Бұған қатысты сіз не дейсіз?

– Меніңше, қазір біздің елде жеңіл ақша табудың жолы көп. Осы мәселе реттелмейінше, ғылымға жастар келмейді. Табаны тілініп, көз майын тауысып жүріп мардымсыз нәпақа табатын ғылым мен ойнап жүріп ақша табатын жеңіл жұмыс арасында таңдау тұрғанда, ғылымды қанша жерден жақсы көріп тұрса да, жан бағып, отбасын асырау үшін кез келген жас басқа салаға кететіні заңдылық.

Осы жерде орайы келген соң, бір мәселені айта кетейінші. Бізде осы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бар, иә. Студенттеріміз «Болашақ» арқылы шетелге оқуға түсіп жатыр. Мәселен, шетелдік бір жоғары оқу орнына сол «Болашақ» арқылы бакалаврға түседі. Ал бакалавр толыққанды маман емес. Сондықтан әлгі студент әрі қарай магистрді, PhD-ді оқуы керек. Ал оны оқиын десе, орталық оған стипендия бөлмейді екен. Жақсы, бөлінбей-ақ қойсын, бұл жерде саясат бар. Жалпы, ол – дұрыс саясат, оны дұрыс іске асыру керек. «Болашақ» стипендиясы арқылы әлгі шетелдің жоғары оқу орнында бакалаврды бітіріп, ары қарай сол оқу орнының гранттарымен магистрін немесе басқасын жалғастырып оқып кетуге шамасы бар студенттер қалайын десе де, қала алмайды. Орталық артынан қудалап, елге қайтуын талап етеді. Өйткені біздегі ереже бойынша, шетелде «Болашақ» стипендиясымен оқыған адам оқуы біткесін елге қайтып, оқу ақысын өтеуі тиіс. Яғни Қазақстанға келіп жұмыс істеуге міндетті. Сонда бакалаврмен бітіріп келген адам бізге не үшін керек? Тек қана «мынау шетелде оқыды» деп мақтануға ғана ма? Айталық, математика саласында бакалавр бітірген адам бізде бизнеске кетпесе, ғылымға техникалық салаларға жарамайтындықтан бармайды. Бізге толыққанды маман керек. Жарты маманның қажеті қанша? Магистрін, PhD-ін бітірген маман болмаса. Мен қазір тек математика саласына қатысты осындай проблемамен жүрген біраз адамды білемін. Осы мәселе көтеріліп, шешімін табуы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, әлгі бакалаврды бітірген адамның әрі қарай оқуына «Болашақ» ақша бермей-ақ қойсын, бірақ оқуына кедергі жасамай, оқу ақысының кепілдігі ретінде қойылған үйін алып қоймай, міндетті түрде елде жұмыс істеуіне берілген кесімді мерзімді кейінге ысырсын. Осы да жетеді. Сонда олар елге толыққанды маман болып оралады.

Көңілге бір демеу болатыны, қазір елімізде техникалық мамандықтарға гранттар бөлініп, осы Еуразиялық университетке де мамандар шақырылып жатыр. Бірақ бұл әлі аздау. Осыдан отыз жыл бұрын бәріміз математикаға, қолданбалы математикаға, физикаға таласып барып жататын едік. Сол мамандарды қайтару керек. Онсыз математика мен физика көтеріле алмайды. Қазіргі жағдай ештеңе емес, ертең жоғары оқу орындарында орнымызды басатын оқытушы таппай қиналатын боламыз. Ғылымдағы ұрпақ, буын жалғастығы үзіліп барады. Біздің артымыздан еретін ізбасарлар жоқ деуге болады. Сондықтан ғылымның мәртебесін өсіріп, ғалымдарға, мұғалімдерге төленетін еңбекақыны көтеріп қана қоймай, жоғарыда айтып өткенімдей, ел экономикасының басқа салаларындағы аз жұмысқа төленетін көп ақша, яғни жеңіл ақша арасындағы алшақтықты қисынды межеге дейін теңгеру қажет. Мысалы, Американың банктеріндегі қарапайым қызметкерлері сағатына 8-ақ доллар алады. Ал Америкада сағатына сегіз доллар түк емес. Қысқасы, тегін жатқан, оңай ақша болмауы тиіс.

– Үміт артатын шәкірттеріңіз бар ма?

– Жалпы, шәкірт мәселесі қиындау ғой қазір. Дегенмен шәкірттерім бар. PhD қорғаған үш-төртеуі азды-көпті жұмыс істеп жүр. Оларға қатысты әлі кесіп-пішіп айтуға ертелеу.

– Қазір өзіңіз немен айналысып жүрсіз?

– «Әр кәллада бір арман» дегендей, біздер, математиктер, әртүрлі нәрсемен айналыса береміз ғой. Бірақ бәрібір көкейімізде бір ой жүреді. Менің де ойымда жүрген сондай бір проблема бар.

– Ол қандай проблема екенін білсек бола ма?

– Қазір математикадағы Якобиан проблемасымен айналысып жүрмін. Бұл – ХХІ ғасырдың 18 проблемасының ішіне кіретін өзекті мәселе. Аффиндік алгебралық геометрия саласына жатады. Онымен айналысып жүргеніме де бірталай жыл болып қалды. Осы уақытқа дейін аса бір нәтиже шыға қойған жоқ. Дегенмен соңғы кездері біраз ой пайда болып, мәселеге қызу кірісіп жатқан жайым бар.

Жалпы, математиканың өзіндік бір әдемілігі болады. Ол – осындай қарапайым ойластырылған, қысқа әрі түсінікті проблемалар, есептер арқылы әдемі. Мысалы, құрылымына қарасаң, бүгінгі екінші курстың студентіне берілетін есеп. Бірақ әлі күнге дейін ешкім шешімін таба алмай келеді. Математика осынысымен де әдемі, қызықты. Біраз адамдар  біз сөз етіп отырған мәселенің шешімін таптық деп жариялап жіберіп, артынан қатесі әшкереленген жайттар да баршылық. Ол – ол ма, кезінде әбден тексеріліп, дұрыс деп танылған жарияланымдардың да көп жылдан кейін қатесі шыққан оқиғалар бар. Энгель деген неміс профессоры, мәселен, кезінде Якобиан проблемасын шешіп, сол абыройының арқасында көп жылдар бойына ректор да болды. Кейіннен қатесі табылды. Математикада қатең бастапқы тексерістерде табылса, ештеңе емес, әбден жарияланып, мойындалып кеткесін дәл осылай әшкерелену деген – өте жаман нәрсе. Бүкіл абыройдан жұрдай боласыз. Сондықтан қазіргі кезде сондай проблемалардың шешімі өте күрделі тексерістен өтетін болды.

– Бүгінгі күні математикамен тікелей байланыста қарқынды дамып жатқан қандай салаларды атауға болады?

– Қазір математикалық биология саласының өте жақсы дамып жатқандығын бөле-жара айтуға болады. Аты шыққан математиктердің көпшілігі осы салада еңбектеніп жүр. Сосын мына статистика саласы жақсы дамуда. Өйткені статистика дегеніңіз – тұнған математика. Статистиканы қазір математикалық ғылым ретінде, әлде экономикалық ғылым ретінде қабылдаймыз ба, осы екі арасы түсініксіз. Статистика бүгінде экономиканың барлық саласында бар. Оны экономикадан бөліп қарай алмайсыз. Мысалы, қазір математиканың ешкім олай болады деп ойламаған алгебралық геометрия деген саласының өзі статистикада кеңінен қолданылып жатыр.

Алашқа айтар датым…
Ғылым деген – ақиқат. Ақиқат болмаған жерде ғылым өліп қалады. Ал ақиқат қайдан туады? Ақиқат пікірталастан, даудан туады. Сондықтан «жауырды жаба тоқып», бәрі жақсы дей берсек, ғылымда жетістік болмайды. Ғылыммен қаруланған мемлекет қана өзгелерден ақырып теңдік сұрай алады, өзін сыйлата алады. Шығысында – Қытай, солтүстігінде Ресей секілді алып елдердің ортасында тұрған біздің елге ғылыммен қаруланған күш-қуат керек.

Сұхбаттасқан Айбын Бақытұлы

http://www.alashainasy.kz/?p=41992

51-ші халықаралық математика олимпиадасының сұрақтары Математикадағы әлі шешімін таппаған есептер

Пікір жазу

Пікір жазу үшін сіздің тіркелуіңіз қажет.