Асқар Жұмаділдаев ағаға арнау

187 рет қаралған

Асқар Жұмаділдаев ағаға арнау

Дарындарға толы қазақ даласы,

Даралыққа  бәрінің бар таласы.

Асқар аға – асқар таудай ағамыз,

Шиелінің шетел білген баласы.

Таным менен тапқырлыққа талап қып,

Танытқан ол сан сынақта болаттық.

Он үшінен олимпиадаларға қатысқан

Облыс емес, республикалық, одақтық.

Намыс көріп мехматта мүлгуді,

Әдет қылған тереңдерге сүңгуді.

Лениндік стипендиат атанып,

Бітірген ол үздік болып МГУ-ді.

Жандыратын өрнекті өлең өртін де,

Тұра алатын әркез айтқан сертінде.

Кандидаттық диссертация қорғаған

Сол МГУ-де дәл жиырма төртінде.

Керемет қой жортқан талай көк бөрі,

Қазыналы Қаратаудың бөктері.

Физматтық ғылымдардың қазақтан

Отыз бірде болған тұңғыш докторы.

Жан емес ол мәнін білмей сарнаған,

Биіктерге жетелеген арман-ән.

Зерттеулерін Ли алгебра-сының ол

Когомология теориясына арнаған.

Есімі оның еліміздің мақтаны,

Абыроймен атқан әрбір ақ таңы.

Еректігі – ассоциативті емес бір

Алгебраның тепе-теңдіктерін тапқаны.

Болғандықтан санаты тым жоғары,

Мықты елдердің ең құрметті қонағы.

Германия, Италияда түстенсе,

Швеция, Канадада қонады.

Математикалық институттар құмар тым,

Кереметі көнермейтін шын алтын.

Мемлекеттік стипендиат боп АҚШ-та,

Жеңіп алған Швецияның грантын.

Батылдыққа байлаған ол белін нық,

Жасамаған өзіне әсте жеңілдік.

Боп Жоғарғы кеңеске де депутат,

Ол – лауреат Комсомолда Лениндік.

Таным десе тарқамаған құмары,

Асқар аға – сұңғылалық сыңары.

Құмдағы өскен кеше қара домалақ -

Шыңдағы өскен бүгін қазақ шынары.


Асқар ағамен сырласу

Пікірлесу сізбенен секілді бір от ұстау,

Сөздеріңіз оғаш та, ойларыңыз оқыстау.

Анау түрден қызарған сезіліп тұр қызбалық,

Анау көзден мүмкін бе, жалын атып, от ұшпау?!

Қарсыластың қисынмен есінен бір тандырып,

Дау-дамайды лезде жібересіз жандырып.

Кейбіреудің кірпияз көңіліне қарамай,

Тыңдаушының аласыз айызын бір қандырып.

Жүру қиын ілгері жұрт баспаған жолменен,

Килікпеу де күмәнді кедергіге көлденең.

Тақырыптың түйінді талайымен таныссыз,

Мысалды да айтасыз қойғандай ғып қолменен.

Оңай емес көп жанға үйренісу нарыққа,

Бет бұратын жандар да аз парасат пен парыққа.

Басқаларға қарап ап, бой түзеуі үшін де

Жұрт жігерін жанисыз намыс дейтін шарыққа.

Құр намыспен әрине, көре алмайсың күніңді,

Бұл пайымдау талайдың тағдырынан білінді.

Жегу керек дейсіз сіз ұлттық рух, мүддеге.

Қаржы менен қуатты, мәдениет, білімді.

Айтылған сөз астарын біраз адам ұқпайды,

Біреулері қарсы боп, екіншісі құптайды.

Талқылаудан талай жан, ақ тер ағып самайдан

Шаттанбауы мүмкін, тек шабыттанбай шықпайды!

Ойларда көп қозғалыс, жоқ бірақ та сабылыс,

Арнасынан аспайды, кеткенімен жаңылыс.

Жырларыңыз жігерлі, ұйқасы да ұйып тұр,

Астарында жатқандай туған жерге сағыныш.

Сан сауалды сараптап, сараладым ішімнен,

Қалам алдым қолыма қорытуым үшін мен.

Сырттай қарап сізге мен, өрнектедім өлеңмен,

Өнегесін өмірдің өз әлімше түсінген.

———————————————————

Өлең автры Дүйсенбев Еркі.(http://erkin.ucoz.kz/blog/ блогынан)

Студенттерге арналған халқаралық математика олмипиадасы 51-ші халықаралық математика олимпиадасының сұрақтары

Пікір жазу

Пікір жазу үшін сіздің тіркелуіңіз қажет.